Қазақстанда банктер мен ұйымдарға азаматтардың жеке мәліметін алуға рұқсат беріледі. Бұл туралы ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша азаматтардан электронды анықтама талап ету шектеледі.
"Бірқатар мемлекеттік органдармен бірлесе отырып "Анықтамасыз қызмет көрсету" немесе "Paper free" жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жоба азаматтардан электронды анықтамаларды талап етуді шектеуге бағытталған", - деді министр мәжілістегі үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, "Азаматтарға арналған үкіметте" жасалған талдауға сәйкес 2016 жылы 37 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген, оның ішінде 23 миллионнан астамы немесе 65 пайызы электронды анықтама берумен байланысты екен.
"Сонымен бірге алынған электронды анықтамалардың 95 пайызы 5 анықтамаға тиесілі екен. Атап айтсақ, жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы - 2,6 млн, мекенжай анықтамасы - 15 млн, тіркелген құқықтар туралы - 2,5 млн, зейнетақылық есептеулер жайында - 2 млн, сондай-ақ сотталмағандығы туралы 1,4 млн анықтама берілген.
Жыл соңына дейін электрондық үкіметтің веб-порталында үшінші тұлғалармен , яғни банктер, ұйымдар және басқаларымен жеке мәліметтерді алудың арнайы тетігі жасалады. Мәліметтерді алу үшін sms-ескерту арқылы азаматтың рұқсатын алу міндетті болмақ.