Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, заң жобасы сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту шараларын көздейді.
"Сақтандыру ұйымдарына ақпараттық технологиялар саласындағы қызмет түрлері мен инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылады. Сақтандыру ұйымдарына сақтандыру қызметін автоматтандыру үшін бағдарламалық қамтылымды дербес әзірлеу функциясы және еншілес ақпараттық технологиялар саласындағы компанияларды сатып алу құқығы беріледі. Бұдан басқа, ұйымдар мен адамдардың сақтандыру брокерінің капиталына қатысу жөніндегі талап ФАТФ (Ақшаны жылыстатумен күрес жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобы) стандарттарына сәйкес белгіленеді. Шетелдік инвесторлардың отандық қор нарығына кіруін жеңілдету үшін Euroclear және Clearstream сияқты халықаралық есеп айырысу ұйымдарының Қазақстанның Орталық депозитарийінде тікелей шоттар ашу мүмкіндігін белгілеу ұсынылады", - деді агенттік басшысы.
Бұл олардың есебін жүргізуге және өз клиенттерінің қазақстандық бағалы қағаздарға меншік құқығын растауға мүмкіндік береді.
"Қор нарығындағы дефолттарға жол бермеу үшін клирингтік ұйымға брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асыру құқығы беріледі. Корпоративтік облигациялар нарығында қамтамасыз етілген облигациялар бойынша кепілгер болатын тұлғалардың тізімі ұлттық басқарушы холдинг және оның бақылауындағы заңды тұлғалармен, сондай-ақ Қазақстанның орнықтылық қорымен толықтырылады", - деп атап өтті спикер.
Мәдина Әбілқасымова заң жобасы шеңберінде негізгі түзетулерде қаржылық қызметтердің мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімділігін кеңейту көзделгенін баса айтты.
"Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдар, сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен адамдар үшін мерзімі өткен кредиттер бойынша берешекті реттеу жөнінде қосымша қорғау шаралары көзделген. Банктік қарыздар бойынша бірқатар айыпақылар алып тасталады, сондай-ақ банктік қарыз шарттары бойынша комиссиялардың шекті мөлшері бойынша шектеу енгізілетін болады. Қаржы ұйымдары үшін қаржы өнімдерін әзірлеу мен енгізудің ішкі рәсімдерін бекіту талабы енгізіледі. Депутаттардың Отбасы банкіне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде білім беру кредиттерін ұсыну құқығын беру туралы ұсыныстары ескерілді", - деді агенттік төрағасы.