"Банктік құпия": Жұбайыңыздың шотында қанша ақша бар екенін біле алмайсыз

308

Бұрынғы жұбайының банктегі ақшасын білгісі келген әйелдің шағымы қаралды.

"Банктік құпия": Жұбайыңыздың шотында қанша ақша бар екенін біле алмайсыз Фото: canva.com

Конституциялық Сот банк салымдарының құпиясы құқығы отбасылық мәртебеге қарамастан әрбір адамға қолданылатынын растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Конституциялық Сот "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Заңның 50-бабы 4-тармағын тексеруге қатысты өтінішті қарады. Белгілі болғандай, өтініш берушіге некесі бұзылғаннан кейін бұрынғы жұбайының банктік шоттарының бар-жоғы және олар бойынша екінші деңгейдегі банктердегі ақша қаражаты қозғалысы туралы ақпаратты алу мүмкін болмағаны хабарланады.

"Банктер туралы" заңға сәйкес банк құпиясы режиміне сілтеме жасап, банктер мұндай мәліметтерді беруден бас тартқан. Бірінші сатыдағы сот та әйелдің талап қоюына қатысты үшінші тұлғаға банк құпиясын ашу үшін шот иесінің жазбаша келісімінің және құқықтық негіздердің жоқ екенін көрсетіп, оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Өтініш субъектісінің пікірінше, мұндай заңнамалық реттеу ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен мүлкіне өз құқығын іске асыруға мүмкіндік бермей, тең емес жағдай туғызады, бұл заң алдында бәрі тең, меншікті және отбасын қорғау секілді конституциялық қағидаттарға қайшы келеді.

Конституциялық Сот банк салымдарының құпиясы құқығы дербес конституциялық құқық болып табылатынын және әрбір адамға отбасылық мәртебесіне қарамастан қолданылатынын атап өтті. Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарда тең болуы олардың әрқайсысының өзінің құқық субъектілігін, жеке дербестігін және жеке өмірін қорғау құқығын жоғалту дегенді білдірмейді, сондай-ақ әркім үшін Конституция мен заңдарда белгіленген құпиялылық режимдерін жоймайды.

Бұл ретте соттар банк құпиясын құрайтын мәліметтерді өздерінің іс жүргізуіндегі істер бойынша талап етіп алдыруға құқылы. 

Өтінішті қарау нәтижелері бойынша Конституциялық Сот "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабының 4-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деген қорытындыға келді.16 қаңтарда қабылданған "ҚР банктер және банк қызметі туралы" жаңа Заң осы жылдың 19 наурызынан бастап күшіне енеді, онда да ұқсас ережелер бекітілген.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу