"Бәріміз өліп кетер едік": Ұшақ ішінде болып, тірі қалғандар не көргендерін айтып берді

3750

Олар әбден үрейленіп қалған.

"Бәріміз өліп кетер едік": Ұшақ ішінде болып, тірі қалғандар не көргендерін айтып берді Фото: Бейнежазбадан

Ақтаудағы ұшақ апатынан тірі қалғандар не болғанын айтып берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

48 жастағы Субхонкул ұшақтың Грозныйға қонуға бірнеше рет әрекет жасап, қона алмағанын айтады.

"Ұшақ қонып жатқан сияқты болған. Кенеттен жоғары көтеріле бастады. Бір кезде жарылыстың дыбысы естілді. Ұшақтың ішінде емес, сыртында жарылғандай. Құтқару кеудешесін алмақшы болдым, бірақ ол тесік болды. Ұшақтың ішінде қиранды алдыма келіп түскен еді. Сол қиранды құтқару кеудешесін тесіп кеткен болуы керек. Пилотқа рахмет, ол бізді құтқарып қалды. Ол болмағанда бәріміз өліп кетер едік. Ұшақтың артқы бөлігі жұлынып кетті", – дейді тірі қалған жолаушылардың бірі Субхонкул.

Субхонкулдың айтуынша, оттегі маскалары төмен түсірілген кезде маскадан оттегі келмеген.

Ол артқы орындыққа отырып, басқа маска алған. Субхонкулдың жанында отырғандардың барлығы аман қалған көрінеді.

Ұшақ апатынан тірі қалған тағы бір жолаушы Кристина да өз оқиғасын бөлісті. 

"Ұшақ жерге құлаған кезде екі соққы болды. Мен орындықтан қатты ұстап отырдым. Ұшақтың алдыңғы бөлігі жарылып кетті. Есімді жинағанда аяғымның қысылып қалғанын байқадым. Стюардесса апатты қону болатынын айтып ескерту жасады. Басымызды төмен түсіріп отыруымызды сұрады. Қону кезінде соққы сездік, моторға құс соғылғандай болды", – дейді ол.

Ұшақ құлағаннан кейін кейін қыз есін жоғалтқан. Ол есін жиған кезде аяғының қысылып қалғанын көріп, аяғын өз бетімен шығарып алып, салоннан шығып кеткен.

Тағы бір жолаушы стюардессалар өз міндеттерін кәсіби түрде орындап, жолаушыларға нұсқау бергенін жеткізді.

"Стюардессалар өзінің жұмысын кәсіби түрде орындады. Тірі қалды ма білмеймін. Не болғанын түсінген жоқпыз. Жарылыстың дыбысы болды. Балон жарылды ма, басқа ма білмеймін, мамандар анықтай жатар", – дейді жолаушы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу