Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептер бірыңғай мектеп формасына көшеді. Астана бұл бастаманы бірінші болып бастап кетті, деп хабарлайды elorda.info.
1 қыркүйекте астаналық оқушылар мектепке бірыңғай киім үлгісінде барады. Қалалық білім басқармасы форманың түсі, үлгісі мен матасының сапасы көрсетілген нұсқаулықты барлық мектептерге жолдап, бұл жолдағы жүйелі жұмыстарды бастап кетті. Жаңа оқу жылынан бастап Астанадағы барлық мектеп оқушылары қою көк түсті форма киеді.
Айта кету керек, оқушылар бұл киім үлгісіне біртіндеп көшеді. Бірінші сынып оқушылары бірінші болып осы форманы алу керек. Ал өзге сынып оқушылары қою көк түсті мектеп киімін қолданыстағы мектеп формалары ескіргеннен кейін барып алса болады.
Осылайша, бір түсті мектеп формасына кезең-кезеңімен көшу көзделіп отыр. Ұлдарға арналған мектеп киімінің жиынтығында пиджак, жилет, шалбар, мерекелік ақ көйлек, күнделікті көйлек, тоқыма кеудеше, водолазка бар. Ережеге сай, ең кем дегенде көйлек, жилет пен шалбар болуы тиіс. Қыздарға арналған толық жиынтықта пиджак, жилет, белдемше, классикалық блузка, тоқыма кеудеше, сарафан, водолазка бар. Мектеп формаларын бір-бірінен ажырататын әр білім ошағының өз белгілері болады. Олар пиджакқа және жилетке тігіледі. Мектептер бұл киімдерді құжатта көрсетілген талаптарға сай етіп тігіп беретін мекемені өздері таңдайды.
Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып, юбканың ұзындығы тізеден 5 см-ден жоғары болмауы керек. Бұл киімдерді балалар киетіндіктен матаның сапасына да мән беру керек. Мектеп формасының матасы ретінде жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады. Киімнің 75-85 пайызы табиғи маталардан тұруы керек. Оның қыртысын болдырмау мақсатында синтетикалық қоспалардың 15-25 пайызы бар маталар ұсыналады.