Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында "Жұмысшы мамандықтар жылын" өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарымен таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шаралар жоспары 7 бағытты қамтитын 70 тармақтан тұрады.
Іс шаралар жоспарында:
- Жаңа мамандықтар атласын дайындау;
- Кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын іске асыру;
- Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау;
- Кәсіби білікті кадрлар даярлау;
- Сапалы жұмыс орындарын құру;
- Жұмысшы кадрлардың құқықтарын қорғау;
- Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету бойынша шаралар қарастырылған.
Оқу-ағарту министрлігі – жоспарды іске асыруды үйлестіруші және 20-тармақ бойынша негізгі орындаушы.
Ғани Бейсембаевтың сөзінше, жоспар аясында елімізде кәсіптік бағдар берудің жаңа тұжырымдамасы іске қосылады.
"Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі дамыту үшін аймақтардағы кадрға қажеттілік ескеріле отырып, барлық өңірлерде "Жаңа кәсіптер атласы" әзірленеді. Кәсіптік бағдар берудің жаңа тәсілдері оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, осы арқылы оқушылар толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады. Кәсіпорындар колледждермен бірлесіп 1000 мектепте бейіндік сыныптар ашады", – деді ведомство басшысы.
Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіледі.