Барлық судьялардың мәртебесі теңестірілмек

610

"Судьялар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек".

Барлық судьялардың мәртебесі теңестірілмек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып, жасақтауды тапсырды, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек", – деді Мемлекет басшысы. 

Президент көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгеретінін хабарлады. Ол Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынды.

"Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынуы керек. Аталған салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау қажет", – деп қосты Тоқаев.

Президент судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғарғы сот кеңесінің мәртебесін нығайту керектігін айтты. Судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. 

"Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі", – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу