Қызылқоға ауданы, Миялы ауылының 18 жастағы тумасы Бекбол Мираш Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара бөлімінде әскери борышын өтеген, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бас әскери прокуратураның мәліметінше, бүгінгі күні билікті асыра пайдалану арқылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша күдікті ретінде сол заставаның келісімшарт бойынша әскери қызметшісі өтеді. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес ол Б.Мирашты және онымен бірге әскерге шақырылған басқа да мерзімді әскери қызметкерлерді жүйелі түрде психологиялық тұрғыда қорлап, соққыға жыққан.
Күдікті қамауға алынып, ерекше бақылауға алынды.
"Тергеу барысында болған оқиғаның барлық нұсқалары, соның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық мүмкіндігі тексерілді. Алайда, бұл дерек расталмаған. Адвокаттың өтінішхаттары белгіленген мерзімде қаралды және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы тәртібімен қанағаттандырылды", - делінген Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Адвокат С.Пралиевтің қылмыстық істің мән-жайларын жариялау жөніндегі әрекеттерінің заңдылығын уәкілетті орган, адвокаттардың тәртіптік комиссиясы қарайды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылықты ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөніндегі өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.