Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бас әскери прокуратура Сорбұлаққа әскери тікұшақтың құлауына қылмыстық кодекстің "Ұшу немесе дайындық ережелерін бұзу" және "Билік өкілетін асыра пайдалану" баптары бойынша іс қозғады.
"Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Тергеу барысы Бас әскери прокуратураның бақылауында", – делінген әскери прокуратура таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, 25 шілде күні қорғаныс министрлігіне тиесілі ЕС-145 әскери тікұшағы радардан жоғалып, қайта байланысқа шықпаған. Кейін тікұшақ бөлшектері Сорбұлақ су қоймасы аумағынан табылды. Ұшақ бортында Бақтияр Ержігітов, Нұржігіт Үсенбаев және Аман Амангелді болған.
9 тамызда 14 метр тереңдіктен Нұржігіт Үсенбаевтың денесі табылған. Бір күннен кейін, 10 тамызда Бақтияр Ержігітовтің денесі де су қоймасынан табылды. Тікұшақта болған үшінші әскери Аман Амангелдінің денесі әлі іздестіріліп жатыр.
Нұржігіт Үсенбаев 10 тамызда Түркістан облысындағы Сұлтанрабат ауылындағы бейітке жерленді. Ал Бақтияр Ержігітовті жақындары 11 тамызда Павлодар облысында жер қойнына тапсырды. Марқұмның артында жары мен 2 баласы қалды.
Іздеу операцияларына қосымша 5 әскери бөлімнің күш-құралдары тартылды. Жұмыстар тәулік бойы жалғасып жатыр.