Оның айтуынша, мейрамхана ашуға қатысты идеяны әкесі айтқан.
"Мейрамхана ашу отбасылық идея десем болады. Ата-анамның, әсіресе, әкемнің тарапынан туған ой. Соны біз де ұнатып, қостап, қолдап кеттік. Бірден құрылыс жұмыстарын жүргізіп, бизнес саласының қыр-сырын меңгеруге ізденіс жасадық", - дейді Раушан.
Ол ашылғанына жарты жыл болған мейрамхана жұмысын өзі ұйымдастыратынын жеткізді.
"Идея ортақ болғанымен, бас-аяғында өзім жүріп үйреніп кеттім. Барлық ұсақ-түйек шаруасына, ұйымдастыру жұмыстарына өзім араласамын. Әрине, негізгі шешімдер ата-анамнан болады. Бірақ күнделікті өзім бас-көз болып, ұжыммен сөйлесіп, басқарамын", - дейді Раушан Құдайберген.
Ол мейрамхана мәзірінде 66-дан астам тағам түрі бар екенін айтты.
"Қазақ мәзірі, қазақ асханасы өте бай. Біз білмейтін мыңдаған тағам түрі бар. Оның бәрін түрлі этнографтар, ғалымдар зерттеген. Ал біздің мәзірде 66-дан астам тағам түрі бар. Жақында 30-ға жуық тағам түрін қосамыз", - деді ол.