Бас банк бұзушылыққа жиі жол беретін банктерді атады

706

Бас банк  бұзушылыққа жиі жол беретін банктерді атады

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2018 жылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жол беретін, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарға мониторинг пен талдау жүргізді, деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.

Анықталған бұзушылықтардың қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктерге қатысты 64 санкция және шектеулі ықпал ету шарасы қолданылды. 

2018 жылғы 2-тоқсанда банктердің арасында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштері мен шағымдарын қарау нәтижелері бойынша ең көп бұзушылыққа жол берген мынадай банктерді атап өтуге болады: "Qazaq Banki" АҚ, "Астана банкі" АҚ, "Сбербанк России" АҚ ЕБ, "АТФ Банк" АҚ, "ForteBank" АҚ. 

2018 жылғы 2-тоқсанда шектеулі ықпал ету шараларының неғұрлым көп саны санкциялар түрінде "Qazaq Banki" АҚ-қа қатысты шығарылды, бұл қабылданған шаралардың жалпы санының 16 %-ы болды.

"Астана банкі" АҚ-ға қатысты қолданылған шектеулі әсер ету шараларының саны төлем құжаттарын уақтылы орындамау және оларды орындамаудан негізсіз бас тарту бойынша бұзушылықтар үшін қолданылған шаралардың жалпы санының 16%-ын құрады. Көрсетілген бұзушылық үшін банкке қатысты әкімішілік іс қозғалып, айыппұлдар салынды. 

"Сбербанк России" АҚ ЕБ қатысты шектеулі ықпал ету шаралары жалпы санның 14%-ын құрайды. Банкке қатысты 9 жазбаша ұйғарым шығарылды, оның ішінде 5-і қарыз алушының банк шотындағы/келіп түскен ақшаның 50 %-нан асатын мөлшердегі қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін шығарылды. 
"АТФ Банк" АҚ банктік қызмет көрсету, сол сияқты банктік қарызға қызмет көрсету мәселелері бойынша бұзушылықтарға жол берген, бұл банктерге қатысты қабылданған шаралардың 11%-ын құрайды. "АТФ Банк" АҚ қатысты 5 жазбаша ұйғарым шығарылды, сол сияқты 2 айыппұл салынды (кредиттік бюроға шынайы емес мәліметтер бергені, сол сияқты шектеулі ықпал ету шараларын уақтылы орындамағаны үшін). 
"ForteBank" АҚ-ға қатысты қабылданған шаралардың үлесі 11%-ды құрады, банкке қатысты көрсетілген бұзушылықтар үшін 6 жазбаша ұйғарым шығарылды және клиенттің банк шотына негізсіз тыйым салғаны үшін 1 жазбаша ескерту шығарылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу