Қазығұрттық бас дәрігер мемлекетке 115 миллион теңге шығын келтірді

Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.  

Қазығұрттық бас дәрігер мемлекетке 115 миллион теңге шығын келтірді Фото: kombi-med.com

Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісімен тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ресми мәліметте "Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы" МКК бұрынғы бас дәрігерінің медициналық газбен жабдықтау жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алу кезінде оларды жасанды түрде бірнеше бөлікке бөліп, кейін көптеген келісімшарт жасау арқылы сатып алуды ұйымдастырғаны анықталды.

Схеманы жүзеге асыру үшін ол медициналық жабдықтарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан.

– Ол өзіне бағынысты, туыстары мен таныстарының атына тіркелген коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Осы компаниялардың атынан әдейі асыра көрсетілген коммерциялық ұсыныстар дайындалған.

Сонымен қатар, жабдықты іс жүзінде басқа компания жеткізгенімен, қабылдау актілері мен келісімшарттар бақылауындағы фирмалар арқылы рәсімделген.

Ауруханадан аталған компаниялардың есепшоттарына қаржы түскеннен кейін күдіктілер қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөлген, – делінген хабарламада.

Осылайша, мемлекетке келтірілген жалпы шығын 115 млн теңге болып отыр.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті Астанадан 2 бөлмелі пәтер сатып алған, сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды.

Бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылса, оны сыбайласы үй қамақта отыр.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу