Бас имамға жеке емес, қызметтік баспана беріледі

1006

Атырау облысының діни қауымдастығында дау шықты.

Бас имамға жеке емес, қызметтік баспана беріледі

Өткен аптада ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысында бірнеше күндік іссапармен болып, аймақтағы ахуалмен танысып кеткен еді. Діни делегацияның сапары аясында Атырау қаласы мен аудандарында жүздеген шара өтіп, оған 17 мыңға жуық адам қамтылған. Алайда соңғы күндері жекелеген ақпарат құралдарында облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы "мешіт мүліктерін сатып жатыр", "сатудан түскен ақшаға өзіне баспана сатып алмақшы" деген мақалалар пайда болды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Атап айтқанда, онда: "Қазірдің өзінде Иманғали мешітінің төрт автомашинасы – "Ford Mondeo", "Прадо" джип көлігі, жолаушылар таситын "Газель" және қорабы тентпен жабылған "Газель" сатылып кетті. Бас имамның өзі әкімдік берген джип көлігін мініп жүр. Алтынбек Ұтысханның қандай және қанша сомаға үй сатып алатыны белгісіз. Оған мешіт мүлкінің сатылымынан түскен ақшасы жетпеуі мүмкін. Сондықтан ол жергілікті кәсіпкерлерден көмек сұрайтын секілді" деп жазылған болатын.

Соған байланысты түсініктеме берген облыстық Иманғали орталық мешіті: "Мақала бір жақты және тексерілмеген дәйектермен жазылған" деп баға беріп отыр.

Белгілі болғандай, бас имам жеке басына емес, мешіт балансына қызметтік үй алу жоспарлап отыр екен. Өзі пәтер жалдап тұрады. Бірақ жалдайтын пәтерінің ақысы мешіт бюджетінен бөлінбейді, оны төлеп отыруды жеке кәсіпкер мойнына алған. Иманғали орталық мешітінің балансына жаңа қызметтік пәтер алынғаннан кейін, жаңа үй бас имамның қызметтік баспанасы ретінде қолданылып, жалдамалы пәтер тапсырылмақ.

"Өткен жылы мешіт қызметкерлеріне 6 қызметтік үй берілді. Яғни бұған дейін қайырымдылық мекемесі ретінде жұмыс істеп келген мекеме қайта жаңғыртылып, қызметтік пәтер ретінде қызметкерлерге қайта жасақталып берілді. Орталық мешітті камерамен жабдықтау, монтаж жұмыстары жасалды. Сонымен бірге мешітке өткен жылы ларгус қызметтік көлігі сатып алынды. Қазіргі таңда қызметтік көлік мешіттің қызметтік бағыттағы жұмыстарына пайдаланылып отыр. Ал мақалада сатылып жіберілді деген көліктерге қатысты​ "Прадо" джип көлігі, жолаушылар таситын "Газель", "Ford Mondeo" ​көліктері техникалық тұрғыда апатты жағдайда болған. ​Бұл қаражаттар заңды түрде мешіттің кірісіне алынып, қызметкерлер жалақысы, мешіттің коммуналдық шығыны, баспана, мешітті бейнекамерамен жабдықтау жұмыстарына жұмсалды", - деп хабарлайды Иманғали мешітінің баспасөз қызметінен. 

Сонымен қатар қалада Құран жаттау және діни сауат ашу орталығы ашылған болатын. Өңірде тапшы болып отырған діни мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында орталық жанынан қызметтік баспаналар салынып, қолданысқа беріле бастаған. Бұдан бөлек, мешіт есебінде демеушілерді тарту арқылы "Ел үлесі – пәтерге" жобасы аясында Атырау облысында мұқтаж отбасыларға 28 баспана алынғаны, жыл басынан бері қайырымдылық мақсатқа 22 млн. теңге жұмсалғаны айтылған.

Сондай-ақ мешіт маңында жүрген құпия дереккөздердің сөзіне сүйенсек, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен бірге келген діни делегацияның жүріс-тұрысына 15 млн. теңгеден астам шығын шыққаны жазылған. Иманғали мешіті келушілердің жол жүру билеттерінің құны мен қонақ үйдегі жатын орынға барлығы 2 млн. 400 мың теңге жұмсалғанын айтып отыр.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу