Бүгін Нұр-Сұлтанда тұрғындардың сайлаудағы белсенділігін арттыруға бағытталған "Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан дауыс береді" атты қалалық ақпараттық-әлеуметтік акция басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, қоғамдық науқан Facebook және Instagram әлеуметтік желісінде өткізіледі. Мұнда тұрғындардың ҚР Президентін кезектен тыс сайлауында дауыс беруге қатысуын белсендету бойынша материалдарды жариялауға арналған арнайы тақырыптық "Elorda Live" парақшалары ашылды. Мәселен, Facebook парақшасында қаланың әр тұрғынының 2019 жылдың 9 маусымында өтетін Президент сайлауын қолдау мақсатында қызықты оқиғаларды, жарияланымды немесе бейнероликті #МенБолашақтытаңдаймын және #Сеніңдауысыңмаңызды, #Сайлау2019 хэштегімен белгілеп, осы жерде жариялай алатындығы аталып көрсетілген.
Бұдан бөлек, акция аясында, адамдар көп келетін қоғамдық орындарда жастардың қатысуымен бұқаралық шаралар ұйымдастырылып, әр аудандағы сайлау учаскелері мен дауыс беру орындары туралы толыққанды ақпарат беретін промо-тақталар орналастырылатын болады.
Еске салайық, ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Президентін сайлау 2019 жылдың 9 маусымына белгіленген болатын.