Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Көліктегі департаменттің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы 2 жыл бойы темір жолдардың жағдайын жақсартуға арналған материалдарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі, деп жазады inbusiness.kz Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Ұрланған төсемдер, шпалдар, рельстер және басқа да тауарлар жарамсыз немесе белгілі бір ақаулары бар жол төсемінің жоғарғы құрылымының бөліктерімен ауыстырылды деп жалған мәліметпен есептен шығарылған. Қылмыстық топқа "ҚТЖ "ҰК" АҚ Қарағанды бөлімшесінің 17 қазіргі және бұрынғы жұмысшылары тартылған. Оларға полиция қызметкері қамқорлық жасаған. Алдын-ала есептелген шығын 127 млн теңгеден астам сомаға бағаланды. Бұл 800 тоннаға жуық материалдар", - делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, бүгінде ұрланған тауарлардың басым бөлігін сатып алушылар мен орналасқан жерлері, сондай-ақ оларды тасымалдайтын жүк көліктері анықталған.
Сот санкциясымен Жаңаарқа жол дистанциясының учаске бастығы және оның орынбасары, желілік полиция бөлімшесінің бастығы тергеу изоляторына қамалды.
Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялануға жатпайды.