Бас мүфти Астананың асабаларын жинап, тойдағы ұятсыз ойындар туралы сөйлесті

879

Той – тек көңіл көтеретін жиын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін сәттің бірі.

Бас мүфти Астананың асабаларын жинап, тойдағы ұятсыз ойындар туралы сөйлесті Фото: ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астананың асабаларын жинап алып, тойдың әдебі мен ысырапшылық туралы сөйлесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мүфтияттың мәліметіне сүйенсек, кездесуге Бас мүфти мен тамадалардан бөлек, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп пен белгілі журналист, диктор Зейін Әліпбек, Мүфтият қызметкерлері де қатысқан.

"Жиында соңғы жылдары қоғамда көрініс тапқан тойдағы артық шығын, өзара бәсеке, орынсыз ысырап, аста төк тамақ, бейәдеп ойындар секілді ауқымды мәселер талқыланды", – делінген хабарламада.

Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ бұрыннан-ақ той жасауға құмар екенін, бірақ, қазір той қуаныш емес, жарысқа, мағынасы жоқ мақтанға айналып бара жатқанын айтты.

"Ислам дінін ғасырлар бойы ұстанған ата-бабаларымыз той жасағанда, ең алдымен, ағайынның басын қосып, бата алуға, үлкеннің ақ тілегіне, жастардың тәрбиесіне мән берген. Тойдың сәні қымбат әншіде немесе шектен шыққан безендіруде емес, елдің бірлігі мен ақ дастарқанда болған", – деп айтқан Бас мүфти.

Оның айтуынша, той тек көңіл көтеретін жиын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, дін мен дәстүр құндылықтарын бойына сіңіретін маңызды сәттің бірі.

"Тойда жастар үлкенді сыйлауды, туыстық қатынасты, ізеттілікті, бата алуды, ұлттық салт-дәстүрді көреді. Сондықтан тойдың бағдарламасы да тәрбиелік мазмұнда болғаны абзал. Бұған той иелері мен асабалар көбірек мүдделі болса дейміз", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу