Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы "Терроризмге қарсы комитет" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Оразбаев пен бірлестіктің президиум мүшесі Сейітжан Қойбақовты қабылдады, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында ҚМДБ мен "Терроризмге қарсы комитет" республикалық қоғамдық бірлестігі елімізде діни экстремизм көріністерінің алдын алу, қоғамдық тұрақтылықты қалыптастыру, дәстүрлі ислам құндылықтарын және рухани мирасты дамыту меморандумына қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты – діни радикализммен күрес және оның алдын алу шаралары жөнінде тәжірибе алмасу, осы бағытта туындаған мәселеге қатысты өзара бірлескен кеңес, талдау және зерттеу жұмысын жүргізу; ақпараттық-түсіндіру жұмысымен қатар, тақырыпқа байланысты семинар, тренинг, оқыту курсын ұйымдастыру, мамандар мен өзге ұйымдардың мүдделі тұлғаларын осы процеске тарту, т.б.
"Бүгін қабылданған меморандум елімізде діни радикализмнің алдын алуға серпін береді деген сенімдеміз. Мақсатымыз – "Терроризмге қарсы комитет" республикалық қоғамдық бірлестігімен осындай ортақ жұмысты жүзеге асыру. Бірігіп әрекет еткен жағдайда жұмысымыз нәтижелі болмақ", – дейді Ержан қажы Малғажыұлы.