Бас мүфти кәсіпкерлерге мал бағасын қымбаттатпауға үндеу жасады

396

Оның сөзінше, Құрбан айтта адамгершілік тәрізді құндылықтар көрініс табуы керек.

Бас мүфти кәсіпкерлерге мал бағасын қымбаттатпауға үндеу жасады Фото: muftyat.kz

Биыл мерекенің бірінші күні 27 мамырға сай келіп отыр. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында өткен баспасөз конференциясында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың ең үлкенін әрі жақсысын құрбандыққа шалып, құрбандық етін көмекке мұқтаж жандарға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру, отбасын қуанышқа кенелту сынды амалдар — дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар", — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.


Сонымен бірге, ол Құрбан айт қарсаңында мал бағасын қымбаттатпауға шақырды.

"Құрбан айт тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты паш ететін рухани мейрам. Осы орайда еліміздегі барша кәсіпкер азаматты Құрбан айтта мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін", — деді Бас мүфти.

Айта кетейік, бұған дейін құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған сайт іске қосылғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу