Құрметті бауырлар, отандастар!
Баршаларыңызды күн мен түннің теңесіп, жаңару мен жаңғырудың басы болған, ұлттар мен ұлыстардың мерейлі мерекесі, жылбасы – Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Бірлік пен бауырмалдықтың, игілік пен ізгіліктің нышаны болған бұл мейрамды халқымыз ерте заманнан ерекше мерекелеп келеді. Наурыз – ұлттық мереке. Сондықтан халқымыз ұлыстың ұлы күнін әрқашан киелі санаған. Жұртымыз бұл мерекені сан ғасырдан бері ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлттық мерекеміз деп тойлайды.
Наурыз – достық пен бірліктің, мейірімділіктің мейрамы. Осынау мереке дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудың тамаша мүмкіндігі. Бұл күні жақсы тілек айту, ренжіскендер бір-бірін кешіру, қайырымдылық жасау секілді ізгі амалдар көрініс табады. Әрине, бұдан кейінгі ұрпақ үлкен өнеге алатыны сөзсіз.
Наурыз мерекесінің тәлім-тәрбиелік мәні айрықша. Ағайын-туыс пен көршілердің басын қосып дастарқан жаю, сол басқосуда жақсы сөз айту, бір-біріне мейірімділік таныту, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу секілді дәстүрімізде бұрыннан қалыптасқан асыл құндылықтар Ислам дінінің қағидаларымен қабысып, үндесіп жатыр. Мұның бәрі әр адамды әдептілікке, бауырмалдыққа, ізгілік пен мейірімділікке тәрбиелейді.
Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, халқымызға береке нәсіп еткей! Наурыз мерекесі құтты болсын!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти