ҚР бас прокуратурасы Оңтүстік Қазақстан облысында уақытша тергеу абақтысына қамауға алынған әкімшілік полициясы тіркеу-емтихан бөлімінің 36 қызметкеріне қатысты қылмыстық істі тергеу қандай сатыда екенін айтты, деп хабарлайды inform.kz.
"ОҚО Ішкі істер департаментінің 36 қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары облыс прокуратурасына түспегендігін хабарлаймыз. Қазір іспен қылмыстық процесс қатысушылары танысуда", — деді ҚР бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Ерлан Абаев.
Анықталғандай, бүгінгі күні іспен қылмыстық процесс қатысушылары, айыпталушылар, жәбірленуші тарап және қорғаушылар танысуда. Мәселен, айыпталушылардың бірін қорғауды өз мойнына алған адвокат Әбдіраман Аққұлов қылмыстық іспен әлі де танысып жатқанын айтты.
"Бізге құзырлы органдардан 2017 жылдың 5 шілдесі күні тергеу әрекеттерінің жүргізілу барысы аяқталғаны туралы ресми түрде хабарлама берілген. Қылмыстық іс құжаттары күдіктілерге танысу үшін тапсырылады деп хабарланған. Қазір мен қорғауымдағы азаматтың қылмыстық ісімен танысып жатырмын. Әлі қарап біткен жоқпын", — дейді адвокат Аққұлов.
Айта кетейік, бұған дейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары 1 200 томнан тұратын қылмыстық іс облыстық прокуратураға жолданғаны туралы ақпарат таратқан болатын. Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД әкімшілік полициясына қарасты тіркеу-емтихан бөлімінің 36 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс 2016 жылдың шілде айынан бері жалғасуда. Ұсталғандарға ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік етті, пара алды және берді, қызмет бабын асыра пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстар жасады деген айыптар тағылған болатын.
Сондай-ақ, бұрынғы полиция қызметкерлеріне қазақстандық және ресейлік жалған нөмірлер мен мөрлер жасады, оны пайдаланды және жәбірленушілерге миллиардтаған шығын келтірді деген кінә тағылуда. Бүгінгі таңда осы қылмыстардың арқасында мемлекетке баж салығын төлемеген мыңға жуық көлік анықталып, 4,4 млрд теңге шығын келгені белгілі болды.