Бас прокуратура әзірлеген ІТ жүйе бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді

1067

Бас прокуратура әзірлеген ІТ жүйе бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процессуалдық негіздерін жаңғырту мәселесі бойынша  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Заң жобасы парламент мәжілісіне мемлекет басшысының заң шығару бастамасымен енгізілді.
Заң жобасында қылмыстық-процестік кодексіне, "Жедел-іздестіру қызметі туралы" және "Прокуратура туралы" заңдарына өзгерістер енгізу көзделген.
Бас прокурор Жақып Асановтың пікірінше заң жобасын екі блокқа бөлуге болады.Оның біріншісі адам құқығын қорғауды күшейтсе, ал екіншісі процесті үнемдеуге бағытталған.
Адам құқығын күшейтуде соттың санкциясынсыз азаматтарды ұстау мерзімін 72-ден 48 сағатқа, ал кәмелетке толмағандарды ұстау мерзімін 24 сағатқа дейін қысқарту, экономикалық қылмыстар бойынша күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының негіздерін азайту, азаматтарға өздеріне қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабарлау міндеттілігі, адвокаттардың өтінішхат ұсыну мен дәлелдемелерді жинау бойынша құзыреттілігін кеңейту сынды жаңалықтар енгізіледі.
Бас прокурор айтқан тағы бір өзгеріс  - іс қандай фактімен тіркелсе, тергеушілер тергеуді тек соның шеңберінде ғана жүргізуге міндеттеледі. Олай болмаған жағдайда прокурор немесе сот мұндай істерді қысқартады.  
"Бұл өзгерістер осыған дейін қалыптасқан тәжірибені жою үшін жасалуда, қазір іс бір фактімен қозғалады, ол бойынша дәлелдемелер табылмаған соң әйтеуір жауаптылыққа тартудың амалын табу үшін басқа айғақтарды іздейді", - деді Асанов.
Қылмыстық процесті үнемдеуге бағытталған өзгерістер қатарына бұйрық өндірісі институтын енгізу мен істерді электрондық форматқа ауыстыруды атауға болады.
Бұйрық өндірісі бойынша қылмыстық іс айқын, күрделі емес істерде, күдіктінің кінәлілігіне ешқандай күмән болмаған жағдайда, жеткілікті түрде дәлел табылғанда және жәбірленуші қарсы болмағанда жүргізіледі.  Осындай істер тіркелгеннен бастап соттың айыптау үкімінің шығуына 10 күн кетеді.
"Ең бастысы – цифровизациялау адам құқығын қорғауды күшейтеді. Бүкіл процесс алақандағыдай айқын болады. Прокурорлық бақылау артады. Сыбайлас жемқорлық азаяды. ІТ жүйе тергеушінің, прокурор мен судьяның жұмысын анағұрлым жеңілдетеді", - деді бас прокурор.
Қазіргі таңда пилоттық режимде еліміздің 6 облысында  400-ден аса іс электрондық форматта тергелуде, сонымен қатар 200-ге жуық санкция алынды.
Бас прокуратура әзірлеген ІТ жүйе бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді. Қылмыстық істерді толықтай цифрлық форматқа көшіруді 2018 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 
Депутаттар заң жобасының мазмұнын жоғары бағалады және қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын күшейтуге мүмкіндік беретіндігіне сенімділік білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу