Бас прокуратура балалар қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмысты күшейтті

337

Жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын төтенше жағдайлардың алдын алу үшін арнайы қауіпсіздік бейнеролигі әзірленді.  

Бас прокуратура балалар қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмысты күшейтті Фото: Бейнероликтен

Бас прокуратура жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмысты күшейтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осы мақсатта кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған арнайы бейнеролик әзірленді.

Бейнероликте балалардың су айдындарында, спорт және ойын алаңдарында, ашық терезелер маңында және жол бойында қауіпсіздік шараларын сақтау мәселелері қамтылған. Сондай-ақ балаларды кешкі және түнгі уақытта қараусыз қалдырмаудың маңыздылығына ерекше назар аударылған.

Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігі ата-аналардың, қоғам мен мемлекеттің ортақ міндеті екенін еске салып, ересектерді қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Бейнероликте жолда жүру ережелерін сақтау қажеттігі де айтылған. Атап айтқанда, жолдан өтер кезде жан-жағына мұқият қарап, велосипед немесе самокат тепкенде қорғаныш дулығасын киіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау керектігі түсіндірілген. Сонымен қатар жол үстінде телефонға алаңдап, құлаққаппен музыка тыңдаудың өмірге қауіпті екені ескертілді.

Балаларға ашық терезелерден алыс жүру қажеттігі және суға шомылуға барған кезде тек рұқсат етілген орындарда, үлкендердің бақылауымен ғана түсу керектігі айтылды. Сондай-ақ бейтаныс аймақтарда суға сүңгуге болмайтыны, жағалаудан алысқа кетпеу қажеттігі түсіндірілді.

Балалар лагерінде демалу кезінде де қауіпсіздік ережелерін сақтау, қайда баратынын ересектерге ескертіп жүру қажеттігі назарға алынған. Кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз сыртта жүруге болмайтыны ескертілді.

Сонымен қатар бейтаныс адамдармен сөйлеспеу, олардан ешқандай зат алмау және соңынан ермеу қажеттігі айтылды. Егер бала қауіпті жағдайды сезсе, бірден ересектерден немесе полиция қызметкерлерінен көмек сұрауы керек.

Бейнероликте интернет қауіпсіздігіне де ерекше мән берілген. Балаларға күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерін бермеу қажеттігі ескертілді.

Елімізде жыл сайын 180 мыңнан астам бала жарақат алады. Оқиғалардың басым бөлігі көшелерде, ойын алаңдарында, саябақтарда, су айдындарында және демалыс орындарында тіркеледі.

2025 жылғы деректер бойынша 39 бала суға кету салдарынан қаза тапқан. Ал жол-көлік оқиғаларынан 285 бала көз жұмған.

Жыл басынан бері балалардың терезеден құлауының 65 фактісі тіркеліп, салдарынан 10 бала қайтыс болды. Сонымен қатар балалардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне байланысты 38 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу