Бас прокуратураның Құқық статистика және арнайы есепке алу комитеті базасында құрылған Қылмыстық қауіптерді болжау орталығы үлкен деректер мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы қауіптердің алдын алуға бағытталған жұмыс жүргізіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Орталық әзірлеген ұсынымдар негізінде мемлекеттік органдарға 192 ақпараттық хат жолданған. Сонымен қатар 38 интернет-алаяқтық ресурс бұғатталып, халыққа сақтық шаралары туралы 16 ескерту жарияланған.
Жүйе аясында медиакеңістік пен интернет-алаяқтықтарды мониторингтеу, азаматтар өтініштерін талдау және қылмыстың алдын алу бойынша болжау модельдері енгізілген.
Бас прокуратура Ішкі істер министрлігімен бірлесіп қылмыстық істерді тергеу процесіне де жасанды интеллект енгізу жобасын пилоттық режимде жүзеге асыруда. Жоба Астана қаласы мен Ақмола облысындағы бірқатар полиция бөлімшелерінде іске қосылған.
"Цифрлық көмекші" жүйесі арқылы 231 тергеу жоспары, 72 жауап алу хаттамасы, 65 айыптау актісі және 15 процессуалдық қаулы автоматты түрде қалыптастырылған.
Жалпы, құқық қорғау саласындағы цифрлық технологияларды дамыту "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" аясында жүзеге асырылып отыр.
Бас прокуратура "Заң мен тәртіп" қағидаттарын нығайту, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру және тиімді "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" құру мақсатында цифрлық шешімдерді дамыту жұмысын жалғастырады.