Бұған Қазақстанның футбол федерациясы мен бірнеше футбол клубына жүргізген тексеруден соң көз жеткізген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Бас прокуратура Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығын тергеу жөніндегі тың ақпаратты таратты.
– Заңбұзушылықтар қатарында негізсіз сыйақылар төлеу, инфрақұрылым объектілерін салу кезінде қаражатты мақсатсыз пайдалану, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер және спортшыларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру фактісі бар.
Атап айтқанда, федерацияның бұрынғы басшылығы жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға 300 миллион теңгеден астам сомада негізсіз сыйақы төлеген. Федерацияның әкімшілік ғимараты мен Талғар қаласындағы жаттығу базасын салу барысында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға 350 миллион теңгеден аса төлемдер жасалған. 2021 жылы басталған Алматы облысындағы база құрылысы тоқтап тұр, ал мердігердің шоттары бұғатталған. Сонымен қатар, 135 миллион теңге стратегиялық құжаттар мен стандарттарды әзірлеуге бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуы күмән тудырады, – деп хабарлады Бас прокуратура.
Аталған құжаттарда нақты іске асыру тетіктері мен жеке инвестицияларды тарту жолы көрсетілмеген, тиісінше клубтарды басқару стандарты іс жүзінде енгізілмеген болып шықты.
Бас прокуратура келтірген мәліметте "Ордабасы", "Ақтөбе" және "Жетісу" футбол клубындағы тексерулер де келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты бірқатар елеулі бұзушылық анықталғаны ашық көрсетілген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған. Яғни, футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс тергеп-тексеру жүргізу үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне берілген.