Бас прокуратура Ерқанат Тайжановты экстрадициялауды қолға алды

1129

Бас прокуратура Ерқанат Тайжановты экстрадициялауды қолға алды

2015 жылдың қазан айында xалықаралық іздеу жарияланған "Азбука жилья" компаниясының басшысы Ерқанат Тайжанов әлі де болса Австрияда қалып отыр. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко мәлім етті, деп xабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Біз қазір австриялық биліктен аталмыш тұлғаға қатысты нақты іс-қимылдар күтеміз. Тайжанов қазір Австрияда", – деді Кравченко шетелге заңсыз шығарылған қаражаттарға байланысты өткізілген семинар кезінде тілшілерге берген сұxбатында.

"Меніңше, осы мәселе жақын арада оң шешімін табады. Біз Бас прокуратурада австриялық ресми тұлғалармен кездесу өткіздік. Австрия елшілігінің өкілдеріне ол адамның Қазақстан азаматтарына қандай залал келтіргенін, олардан жымқырылған қаражат шетелге аударылғанын түсіндірдік", - деді ол.

Айта кетейік, Австрияның құқық қорғау органдарымен бірлескен жедел іздестіру шаралары барысында сеніп тапсырылған мүлікті иемденуі және талан-таражға салғаны үшін Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросы халықаралық іздеу жариялаған Тайжанов  Ерқанат Шарапатұлы 13 мамырда Австрияда ұсталды. Тайжанов 2012-2015 жылдары аралығында "Азбука жилья" компаниялар тобының нақты иесі бола тұрып, үлескерлердің 40 млрд теңгеден астам қаржысын қасақана әрі заңсыз иемденген.

"Азбука жилья" құрылыс компаниялары тобының басшыларынан "Айсанам", "Айсанам де люкс", "Комсомольский", "ExpoCity", "ExpoTown", "Комфорт", "Гарант", "Жеті Жол", "Садовые кварталы" және "Династия" тұрғын үй кешендерінің 3,3 мың үлескері зардап шекті.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу