Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен жер саласындағы заңдылықты сақтау, сондай-ақ медициналық бұйымдарды сатып алу мәселелері жөнінде алқа отырысы өтті, деп жазады inbusiness.kz Бас прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, қоғамдық жайылымдардың тапшылығы 29 млн гектардан 8 млн гектарға дейін қысқартылды. Бұдан бөлек Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарында 11 мың үлескерге 500 мың га астам жер қайтарылған болатын.
"Тексерістер олигополиялардың қолдануындағы ең жақсы және құнарлы ауылшаруашылық жерлерін, жайылымдар мен коммерциялық учаскелерді анықтады. Бүгінгі таңда олардан мемлекет пайдасына 145 мың гектар жер тәркіленді. Тексеру нәтижелеріне сәйкес Шымкент, Ақмола, Атырау, Алматы және Түркістан облыстары әкімдіктерінің жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бойынша басқармаларының лауазымды тұлғаларына, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының жеке жер пайдаланушыларына қатысты 56 қылмыстық іс қозғалды", - деп атап өтті Бас прокурор.
Берік Асыловтың айтуынша, қылмыс жасаған 9 адам сотталды. Мәселен, СҚО-да 800 үлескердің жер телімдерін асыра пайдаланып, алаяқтық жасаған кәсіпорын басшысы 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.