Бас Прокуратура митинг туралы: Заң шыққанмен, бейбіт жиынды ұйымдастыру рәсімі дайын емес

949

Бас Прокурордың орынбасары халыққа үндеу тастады. 

Бас Прокуратура митинг туралы: Заң шыққанмен, бейбіт жиынды ұйымдастыру рәсімі дайын емес

6 маусымнан бастап "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" жаңа заң күшіне енетіні белгілі. Бас Прокутаура өкілі Болат Дембаев жаңа тәртіптің іске асатын кезеңі карантинмен сәйкес келгенін еске салып, халықты заңсыз жиындарда арандап қалудан сақтануға шақырды. 

"Жиналыстарды, митингілерді және пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін Заңмен хабарлама жасау тәртібі қарастырылған. Ұйымдастырушы оларды өткізу күніне дейін бес жұмыс күн бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама береді. Ол үш жұмыс күн ішінде оны қаралуға тиіс. Бұл мерзім аяқталған соң жауап болмаған жағдайда, ұйымдастырушы бейбіт жиналысты өткізеді. Демонстрациялар мен шерулер үшін келісім тәртібі белгіленген. Өтініштер өткізілетін күнге дейін он жұмыс күн бұрын беріледі, ол бойынша жергілікті атқарушы орган жеті жұмыс күн ішінде жауап беруге міндетті. Осы уақыт ішінде ұйымдастырушы мен жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды қауіпсіз өткізу, оларға қатысушылардың денсаулығын сақтау үшін жағдайлар жасайды. Бұл ретте бейбіт жиналыстар арнайы орындарда өткізілуі тиіс. Дәл осы сәтте жергілікті өкілді органдар осындай орындарды және демонстрациялар мен шерулер үшін жүру маршруттарын, оларды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындау бойынша рәсімді жүргізуде.Бейбіт жиналыстар көрсетілген рәсім аяқталғаннан кейін ұйымдастырылуы және өткізілуі мүмкін",  –  деп жазылған үндеуде.

Бас прокурордың орынбасары COVID-19 індеті өршіп тұрған кезде Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне құлақ асу керектігін де ескертті.

"Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылғы 4 маусымда үндеу таратып, онда карантин кезеңінде елде бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде митингілерді өткізуге тыйым салынғанын көрсеткен. Оны сақтамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген. Дегенмен, жекелеген тұлғалар ел азаматтарын 2020 жылғы 6 маусымда жаппай митингілерге шығуға шақыруда. Жаңадан белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін жиналыстарды ұйымдастыру және оларға қатысу заңсыз болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтырады. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүрсе, қылмыстық жауаптылық туындайды. Осыған байланысты, азаматтарды арандатушылық жасамауға және заңсыз жария акцияларға қатысудан бас тартуға, бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу кезінде жаңа заңның ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырамыз", – дейді Бас Прокуратура өкілі.


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу