Бас прокуратураның баспасөзге берген мәлімдемесінде Петропавлдағы жағдайға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жедел-іздестіру шаралары басталғаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"2023 жылғы 30 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен әлеуметтік желілерде "Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі" ("Народный совет трудящихся города Петропавловск") құрылғаны жөніндегі бейнеролик фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамдар тобымен сепаратизмді насихаттау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы күні облыстық Полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Іс бойынша процесс прокурорлары айқындалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішінде тінту мен алу жүргізілуде, сондай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайындалды.Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етілуге жатпайды.
Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында", – делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетелік, Петропавлдың белсенділері деп аталған бір топ адам өздерін Қазақстаннан тәуелсіздік алғандарын жариялаған.
"Біз, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының жұмыс істейтін еркін тұрғындары, ерлер мен әйелдер Қазақстан Республикасы корпорациясының жалған заңдық негізде өмір сүруге қолайсыз жағдайлардың туындауына байланысты, сондай-ақ оның агенттерінің дәрменсіздігі мен абыройсыздығына байланысты өзіміздің мүлкіміз бен ресурстарымызды басқару жүйесінің барлық құрылтайшылары мен қызметкерлеріне толық сенімсіздік жариялаймыз. Біз өзімізді тәуелсіз және егемен деп жариялаймыз", – деді топ мүшесі желіде жарияланған видеода.