Мемлекет басшысының 2026 жылғы 11 ақпандағы №1170 Жарлығына сәйкес, республикалық референдум 15 наурызға белгіленген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Дауыс беруге "2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген мәселе шығарылған.
Референдумды әзірлеу және өткізу тәртібі "Республикалық референдум туралы" және оған қайшы келмейтін бөлігінде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңдармен реттеледі. Аталған заңнаманың 7-1-бабына сәйкес, референдумға қатысты қоғамдық пікірге сауалнама дайындық пен өткізу кезеңінде ғана және белгіленген талаптарға сай жүргізілуі тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар сауалнама нәтижелерін жариялау кезінде оны жүргізген заңды тұлғаны, тапсырыс берушіні, төлем жасаған тарапты, сауалнама уақыты мен әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, қатысушылар санын және қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.
Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу құқығы тек Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, бұл салада кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғаларға беріледі. Ол үшін Орталық сайлау комиссиясын алдын ала жазбаша түрде хабардар ету қажет. Хабарламада сауалнамаға қатысатын мамандар, қамтылатын өңірлер және қолданылатын талдау әдістері көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар дауыс беру күніне дейінгі соңғы бес күнде және дауыс беру күні сауалнама нәтижелерін жариялауға тыйым салынады. Сондай-ақ сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайларда немесе пункттерде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге жол берілмейді.
Бас прокуратураның мәліметінше, бүгінгі күні референдумға қатысты төрт заң бұзушылық фактісі анықталған. Оның үшеуі – заңсыз сауалнама жүргізу, біреуі – нәтижелерді міндетті деректемелерсіз жариялау. Аталған фактілер бойынша екі азамат пен бір заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған.
Прокуратура органдары Конституцияға сәйкес референдум өткізудің барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын қадағалайды. Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын референдумға дайындық және оны өткізу барысында қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға шақырды.