Қаңтар оқиғасында азаптау дерегі бойынша 11 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Азаптау бойынша 11 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тағы 5 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. 23 адамға айып тағылды. Тағы бір қылмыстық іс сотта қаралуда. Жалпы 29 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оның 17-сі полицей, 12-сі Ұлттық қауіпсіздік қызметкері", – деді Әсет Шындалиев Мәжілістің жалпы отырысынан соң тілшілерге.
Сонымен қатар бас прокурордың орынбасары рақымшылыққа нақты қанша адам ілігетінін айтты.
"Біздің болжамға сәйкес, 1500-дей адам ілігеді. Олардың басым бөлігі – қарапайым азаматтар. Көбі жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар, ұрлық жасағандар және тағы басқа қылмыс жасағандар", – деді Әсет Шындалиев.