– Шетелдік дереккөздердің мәліметіне сәйкес кибералаяқтар WhatsApp аккаунттарын басып алудың жаңа қылмыстық схемасын қолданып отыр. Бұл әдіс "GhostPairing" деп аталады және парольдерді бұзуды, SIM-карталарды ауыстыруды немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді. Алаяқтар WhatsApp-қа заңды түрде, қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын пайдалану арқылы қол жеткізеді, – делінген хабарламада.
Пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жасырынған хабарлама жіберіледі, ол Facebook пен WhatsApp интерфейсін визуалды түрде қайталайтын жалған парақшаларға бағыттайды.
– Контентке қолжетімділікті растау үшін фейк-парақша телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді ұсынады, осыдан кейін зиянкес автоматты түрде жәбірленушінің аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылып, WhatsApp-қа толық қол жеткізеді (хабарламаларды оқу, медиафайлдарды қарау, байланыстар тізімі, хабарлама жіберу, фотогалереяға қолжетімділік). Бұл ретте телефон әдеттегідей жұмыс істей береді және күдік тудырмайды, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
WhatsApp-тың басып алуын анықтаудың жалғыз жолы – "Байланыстырылған құрылғылар" бөлімін қолмен тексеру. Кез келген белгісіз қосылу аккаунттың бұзылғанын көрсетеді және дереу жойылуы тиіс.
Сақ болыңыздар, киберқауіпсіздік талаптарын сақтаңыздар:
– белгісіз кіріс хабарламаларға, қоңырауларға және әр түрлі хабарландыруларға мұқият болыңыздар;
– "WhatsApp" кодын бөгде парақшаларғаенгізбеңіздер, қосымшадан тыс жерде кодты сұрату – алаяқтық;
– екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыздар;
– аккаунтыңыздың белсенділігін тұрақты түрде тексеріп отырыңыздар;
– қорғаныш бағдарламалық қамтамасыз етуді қолданыңыздар.