Бас прокуратура: Жәбірленушілерге өтемақы қорынан 312 млн теңге төленді

643

Өтемақы алу үшін жәбірленуші тергеу органына құжаттарын өткізуі тиіс.  

Бас прокуратура: Жәбірленушілерге өтемақы қорынан 312 млн теңге төленді Фото: turkystan.kz

Бас прокуратура жәбірленушілерге өтемақы қорынан 312 млн теңге көлемінде қаржы төленгенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" заң 2018 жылдың 1 шілдесінен қолданыста. 2020 жылғы 1 шілдеден бастап Қаржы министрлігі жәбірленушілерге өтемақы төлеуді бастады. 

"Өтемақы – ҚПК-не сәйкес жәбірленуші деп танылған адамға Заңда белгіленген тәртіппен біржолғы ақша төлемі. Қор барлық сотталған адамнан сот үкімімен өндіріп алынатын мәжбүрлі төлемдер есебінен қалыптастырылады. Қордың мақсаты – қылмыстан материалдық зардап шеккен, бірақ қылмыс ашылмағандықтан немесе кінәлі сот төрелігінен жасырынғандықтан өтемақы алмаған азаматтарды қолдау", - деп атап өтті Бас прокуратура өкілдері.

Бүгінгі таңда Қаржы министрлігі 312 млн теңгеден астам қаржы төледі.

Мәліметке, көмек алушылар:

  • жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші болып табылатын кәмелетке толмағандар, адам саудасы мен азаптауға байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші деп танылған адамдар;
  • денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған адамдар;
  • жәбірленуші қайтыс болған жағдайда жәбірленушінің құқықтары берілген адамдар.       

Қылмыстар құрамының айрықша тізімі жоғарыда аталған бапта көрсетілген. 

"Заңға сәйкес оны алушылардың бірі – азаптауға байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші деп танылған адамдар (ҚК 146-бабы).  Азаптау құрбандарына өтемақы 30 АЕК (ҚК 146-бабының 1 және 2-бөлігі бойынша) және 40 АЕК (ҚК 146-бабының 3-бөлігі бойынша) мөлшерінде тағайындалады. Заң бойынша өтемақы тағайындау не одан бас тарту туралы шешімді қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органның уәкілетті басшысы қабылдайды (Заңның 6-тармағының 8-бабы).  Қабылданған заңның маңыздылығы мен әлеуметтік бағытын ескере отырып, қылмыстың құрбаны болған адамдар (Заңның 6-бабында көрсетілген тізбе) мемлекеттен өтемақы алуға құқылы екендігі халыққа қосымша түсіндіріледі", - делінген ведомство хабарламасында.

Ол үшін жәбірленуші тергеу органына төмендегілер ұсынылуы қажет:

  • жәбірленушінің не жәбірленушінің құқықтары берілген адамның өтініші;
  • жәбірленушінің жеке басын куәландыратын құжаттың не жәбірленушінің өтемақы алу құқығына ие адамның жеке басын және құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері;
  • банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған жәбірленушінің не жәбірленушінің құқықтары берілген адамның банк шотының нөмірі туралы мәліметтер;
  • адамды жәбірленуші деп тану туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган қаулысының көшірмелері;
  • жәбірленушінің денсаулығына келтірілген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесін растайтын құжаттың көшірмелері;
  • жәбірленуші қайтыс болған жағдайда – оның қайтыс болғаны туралы куәліктің немесе жәбірленушінің қайтыс болғанын растайтын өзге де құжаттың көшірмелері. 

Өтініш берудің ескіру мерзімі адамды жәбірленуші деп таныған күннен бастап үш жылды құрайды, өткізіп алған мерзімді жәбірленушінің өтініші бойынша сот қалпына келтіреді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу