Бас прокуратурада "бір терезе" принципі бойынша азаматтарды қабылдау орталығы ашылды, деп хабарланды құзырлы мекемеден.
Орталықта кезекші прокурорлар азаматтарды қабылдауды жүргізеді, сондай-ақ, кеңес беріп, өтінішерді жазу барысында көмек көрсетеді. Азаматтарды барлық деңгейдегі прокуратура басшыларының қабылдауына жазылуға мүмкіндік көзделген. Азаматтар өтініштерінің қаралу барысы жайлы ақпарат пен жауаптардың көшірмелерін ала алады.
Азаматтарды қабылдау орталығы күту орындарымен және электрондық кезекпен жабдықталған. Келушілердің жайлылығы үшін кофе-аппараты мен диспенсер орнатылған. Сонымен қатар, залда қабылдау кестесі мен ережелері, сондай-ақ, өтініштердің үлгісі бар ақпараттық тақтайшалар ілінген.
"Азаматтарды қабылдау орталығы ағымдағы жылдың сәуірінен бастап тестілік режимде жұмыс жасай бастады. Біз бүгін ресми түрде оның тұсауын кесіп отырмыз. Бұл халықпен жұмыс жасаудың сапасын жақсарту қадамдарының бірі болып табылады. Жылдың аяғына дейін өңірлерде де осыған ұқсас жағдай жасауды жоспарлап отырмыз",- деп атап өтті Бас прокурордың аға көмекшісі Сағатбек Сүлеймен.
ҚР Бас прокуратурасының 115 сall-орталығы да жаңартулардан тыс қалмады, бизнес-процестер жетілдіріліп, персонал оқу курстарына өтті.