Бас прокурор "21+" фильмдер жайында: Министрлік заңның бұзылуына жол беріп отыр

523

Соңғы жеті жылда бірде-бір кинематографиялық қызмет субъектісі жауапқа тартылмаған.  

Бас прокурор "21+" фильмдер жайында: Министрлік заңның бұзылуына жол беріп отыр Фото: iz.ru

Кинотеатр иелері пайда табу мақсатында жасөспірімдердің ересектерге арналған фильмдерге кіруіне жол беріп отыр. Ал мәдениет министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар құқықтық мүмкіндігі бола тұра, заңбұзушылықтың жолын кесуге тырыспайды. Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.

Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова кинотеатрларда "18+", "21+" санатына жататын фильмдер заң талабына сай, кешкі 22.00-ден бастап емес, 18.00-ден бастап көрсетіліп жатқанын сынға алған еді. Осы ретте ол бас прокурордан заң талаптарын бұзған мекемелерді тексеріп, тез арада жауапқа тартуды сұраған болатын.

"Осындай жағдай еліміздің басқа кинотеатрларында да байқалады. Кинотеатрлардың бақылаушылары пайда табу мақсатында кəмелетке толмағандарды жас шектеулері бар сеанстарға өтуіне жол беруі жоққа шығарылмайды", – деді Берік Асылов.

Бас прокурор кинематография саласындағы мемлекеттік саясат пен ел аумағында фильмдерді прокаттау мониторингісі Мəдениет жəне спорт министрлігіне жəне жергілікті атқарушы органдарға жүктелгенін еске салды.

"Алайда министрлік пен жергілікті атқарушы органдар фильмдерді жалға алу мониторингісін жүзеге асыру үшін негіздер мен құқықтық мүмкіндік бола тұра, заңдылықты бұзушылықтардың жолын кесу шараларын қолданбайды", – деді Берік Асылов.

Ал, жас санаты бойынша фильмдерді прокаттау талаптарын бұзғаны үшін əкімшілік жауапкершілік көзделген. Оны Астана, республикалық маңызы бар қала, облыс пен ауданның əкімі мен оның орынбасарлары қолдануға құқылы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу