Бас прокурор Боранбаев пен Намазбаевтың ісін қайта қарау туралы талабына жауап берді

515

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ермұрат Бапи, Ринат Заитов, Қазыбек Иса, Абзал Құспан Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты қылмыстық істерді заң талаптарына сәйкес қайта қарауды сұрап, депутаттық сауал жолдаған болатын.

Бас прокурор Боранбаев пен Намазбаевтың ісін қайта қарау туралы талабына жауап берді Фото: Qaz365.kz

Боранбаев, Намазбаев жəне олардың қорғаушылары жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхатпен жүгінбеген. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов тиісті сауалға берген жауабында айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2022 жылғы 14 наурыздағы  заңды күшіне енген үкімімен Боранбаев (5 жыл 2 ай бас бостандығынан айыру) ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін (ҚК-нің 174-бабы 2-бөлігі) жəне Намазбаевпен (5 жыл бас бостандығынан айыру) бір топта билікті күштеп басып алуға шақырғаны үшін (ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігі) сотталғаны анықталды. Осы іс бойынша сіздер жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау туралы мəселе қойып отырсыздар. Сонымен бірге жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша қылмыстық іс жөнінде іс жүргізуді қайта бастау тəртібі мен негіздері Қылмыстық-процестік кодекстің (бұдан əрі – ҚПК) 53-тарауымен реттеледі. Бұл іс жүргізу қылмыстық процестің бір сатысы болып есептеледі әрі ол жерде үкім шығару кезінде сот білмеген мəн-жайлардың болуы немесе болмауы туралы мəселе шешіледі", - делінген жауапта. 

ҚПК-нің 55-бабы 1-бөлігінің 4) тармақшасына сəйкес сот актілерін қайта қарау жəне жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша іс қозғау құқығы тек сотқа ғана тиесілі. Сонымен қатар ҚПК-нің 499-бабының 2-бөлігі қылмыстық істі қайта бастау негіздерінің толық тізбесін көздейді. 

"Атап айтқанда, бұған сот үкімінде белгіленген жəбірленуші, куə, сарапшы қорытындысының жалғандығы, заттай дəлелдемелердің, тергеу жəне сот іс-əрекеттерінің хаттамаларының бұрмаланғандығы, тергеушінің, судьялардың қылмыстық іс-əрекеттері, сондай-ақ сот үкім шығарған кезде ол туралы білмеген тексеру немесе тергеумен анықталған өзге де мəн-жайлар жатады. ҚПК-нің 502-бабына сəйкес қылмыстық процестің қатысушылары (сотталған, жəбірленуші, олардың қорғаушылары немесе заңды өкілдері) ғана жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхатпен жүгіну құқығына ие. Бұл ретте, Боранбаев, Намазбаев жəне олардың қорғаушылары осы негіздермен жүгінбеген, яғни олар өздерінің іс жүргізу құқықтарын іске асырмаған", - деді Берік Асылов.

Бас прокурор сотталғандардың үкім шығару кезінде сотқа белгісіз болған мəн-жайларды көрсете отырып, олардың кінəсіздігі немесе онша ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықты жасағанын куəландыратын өтінішхатты сотқа не прокуратура органдарына дербес беруге құқылы екендігін жеткізді.

Айта кету керек, 2022 жылы блогерлер Марғұлан Боранбаев мен Данат Намазбаев Ресей туралы жазбалары үшін 5 жылға сотталды. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Ресейді сынап сотталған блогерлерді бостандыққа шығаруды талап еткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу