Бас санитарлық дәрігер екпе туралы алыпқашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды

1650

Жандарбек Бекшин астаналық мектептердің бірінде оқушылармен кездесті.

Бас санитарлық дәрігер екпе туралы алыпқашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды

Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин астаналық оқушылармен кездесуінде оларға иммунитетті әрдайым нығайтып тұруға, сондай-ақ екпеден қорықпауға кеңес берді, деп хабарлайды abctv.kz.

"Вакцина дегеніміз организмнің вирустарға қарсы дайындығы. Адам иммунитетін екпе егу арқылы нығайтып отырмаса, ауру жұқтыруға өте бейім болады", – деп балаларды тұрақты түрде вакцина салдырып тұруға шақырды.

Сондай-ақ бас дәрігер ҚР денсаулық сақтау комитеті жыл сайын әртүрлі  99 инфекцияға мониторинг жасап отырғандығын атап өтті. Оның ішінде қызылша індетін жұқтыру дерегі жылдан-жылға артып отырғандығы байқалады.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы  қызылша ауруын жаһандық проблема деп тауып, онымен күресуге баса мән беруде. Қызылша ауруы пневмония, бронхит, синусит секілді қауіпті дерттердің туындауына себеп болады. Сонымен қатар, оның салдары 7-8 жыл өткен соң баланың жүйке және ми жұмысының төмендеуіне де әсерін тигізеді. Елімізде қараша айынан осы күнге дейін қызылша жұқтырған 1644 жағдай тіркелді. Бұл індет еліміздің 12 облысын қамтып отыр", – деп мәлімдеді.

Жандарбек Бекшиннің келтірген дерегінше, елімізде ата-аналардың 51%-ы иммунитет туралы мүлде хабарсыздығынан, 31%-ы діни көзқарастарына байланысты, ал 6% -ы  БАҚ-та жарияланған вакцинаның зияны туралы түрлі қауесеттерге сеніп балаларының егілуіне қарсы болады екен.

"2018 жылы вакцинациядан 5 мыңдай ата-ана бас тартқан. Бірақ дәрігерлердің түсіндіру жұмыстарынан кейін 3 мыңнан астам адам пікірін өзгертті. Менің де сіздерге айтарым, вакцина туралы қауесеттерге сенбеңіздер, ол ағзаның ауруға қарсы иммунитетінің болуын қадағалайды және эпидемиялық індеттердің алдын алады", – деді денсаулық сақтау комитетінің төрағасы.

Сонымен қатар, Жандарбек Бекшин оқушыларға тұмаумен ауырып қалған жағдайда сабаққа тым болмағанда бір апта қатыспай, үйде түпкілікті емделуге кеңес берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу