Бас штаб бастығы "Мәтібұлақ" полигонындағы дайындықты тексерді

368

"Батыл тойтарыс – 2026" оқу-жаттығуына дайындық қаралды.  

Бас штаб бастығы "Мәтібұлақ" полигонындағы дайындықты тексерді Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі телеграм

Қаныш Әбубәкіров "Батыл тойтарыс – 2026" оқу-жаттығуына дайындықты тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жұмыс сапарымен Гвардейск гарнизонына барып, "Мәтібұлақ" оқу полигонында өтуі жоспарланған стратегиялық командалық-штабтық "Батыл тойтарыс – 2026" оқу-жаттығуына дайындық барысын бағалады.

Сапар аясында генерал-лейтенант Гвардейск кентінің әскери инфрақұрылымымен танысып, полигонда жүргізіліп жатқан инженерлік жұмыстардың орындалу барысы туралы жауапты тұлғалардың баяндамаларын тыңдады. Онда басқару пункттерін, әскерлерді орналастыру аймақтарын, қару-жарақ пен әскери техниканы орналастыру орындарын әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар байланыс жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру, сондай-ақ жеке құрам, әскери техника, қару-жарақ пен оқ-дәрінің есептік көрсеткіштері нақтыланды.

Бас штаб бастығы бөлімше командирлері мен әскери қызметшілердің оқу-жаттығу барысында берілетін пәрмендерді орындау дайындығын және практикалық іс-қимылдардың әр кезеңіне әзірлігін тексерді.

Қазіргі уақытта "Мәтібұлақ" полигонында тактикалық алаңдарды инженерлік жабдықтау, взводтың тірек пункттерін нығайту және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қорғаныс жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Тексеру қорытындысы бойынша Қаныш Әбубәкіров далалық инфрақұрылым нысандарын толық әзірлеу, инженерлік жұмыстарды аяқтау, байланыс пен материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйелерінің дайындық деңгейін арттыру және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу