Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімнің басты міндеті балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру екенін еске салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғалы бері педагогтердің құқығын қорғау барысында нақты қандай деректер тіркелгенін сұрады.
"Мұндай тіркеулер жүргізіліп келеді. Биыл қанша болғанын қазір нақты айта алмаймын. Дегенмен, 2019 жылмен салыстырғанда мұғалімдерді артық жұмыстарға тарту, өзіне тиесілі емес нәрселерге айналдыру бағытындағы көптеген кемшіліктің азайып келе жатқанын көріп отырмыз. Егер бұрынғы жылдары шағымдар өте көп болса, қазір оған қатысты шағымдар азайған. Дейтұрғанмен кейінгі кездері мектептің өзінің жеке бастама көтеруіменен, мұғалімдерге кейбір қағазбастылықты немесе есептілікті көбейтіп жатқанын да көріп отырмыз. Министрлік немесе облыстық білім беру басқармасы тарапынан қандай да бір қосымша қажетсіз ақпараттарды көбейтетіндігі туралы маған ақпарат жеткен жағдайда ол шұғыл қол алынып, оның жолы кесіліп отырады", - деді Ғани Бейсембаев Мәжіліс кулуарында.
Оның сөзінше, былтыр мұғалімдер сенбілікке шығару мәселесі туралы көп шағымданған.
"Мектептің ауласы болса бұл басқа әңгіме. Балаларды біз еңбекке баулуымыз керек. Мұғалімдер оны жеке үлгіде көрсетуі керек. Байқап жүрсеңіздер, мен де мектептің ауласына барып, ағаш отырғыздым. Бұл жастарды еңбекке баулуға қажет дүние. Бірақ бұл мектептің ауласы емес, мектептен тыс, оған қатысы жоқ жерлерге тарту, бұл меніңше, мұғалімді негізгі өзінің функциясынан алаңдатады. Мұғалімнің басты міндеті – балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Одан басқа дүниелерге оларды алаңдата берудің қажеттілігі жоқ", - деді Оқу-ағарту министрі.