Баскетболшылар мен футболистерге шетелдегі жарыстарға қатысуға рұқсат берілді

623

Спорттық іс-шаралардан бас тартқан командалар чемпионаттан шығып қалуы мүмкін. 

Баскетболшылар мен футболистерге шетелдегі жарыстарға қатысуға рұқсат берілді

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ел аумағынан 
тыс жерлердегі спорттық сайыстарға қай командаларға қатысу құқығы берілгенін мәлімдеді. 

"Ведомствоаралық комиссияның 13 қазандағы хаттамалық шешімі негізінде "Астана" президенттік баскетбол клубының мүшелеріне ВТБ Біріккен Лигасының чемпионатына қатысу үшін елден шығып, қайта оралуға рұқсат берілді. Бұл шешім ВТБ Біріккен лигасының чемпионат матчтары кезінде санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды өткізу тәртібін әзірлегенін ескере отырып қабылданды", – деді Ақтоты Райымқұлова. 

Министрдің мәлімдеуінше, спорттық іс-шаралардан бас тартқан жағдайда команданы чемпионатқа қатысушылар қатарынан шығарып жіберуі мүмкін.

"Қазіргі уақытта УЕФА-да Қазақстанның 3 ұлттық құрамасы ойнайды. Олар: Қазақстанның ұлттық құрамасы, 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы және Қазақстанның әйелдер құрамасы. Бүгінгі таңда аталған командалардың матчтарға қатысу кестесі жасалды. УЕФА талабына сәйкес, Қазақстан құрамасы бірқатар жолдастық кездесу өткізуі керек, әйтпесе регламентке сәйкес шектеуге ұшырайды. Ведомствоаралық комиссия хаттамасының 20 шілдедегі шешіміне сәйкес, 2020 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейін УЕФА Ұлттар лигасының матчтарына қатысу үшін ұлттық, жастар және әйелдер құрамасына УЕФА-ның Ұлттық лигасында және жастар арасындағы Еуропа чемпионатына қатысу мақсатында елден кіріп, шығуға рұқсат берілді", – деді Ақтоты Райымқұлова. 

Оның сөзінше, барлық турнирлер көрермендердің қатысуынсыз өтеді. 

"Бұл – бүкіләлемдегі тәжірибе. Өздеріңіз білетіндей, Олимпиада ойындарын, Әлем чемпионаттары мен Еуропа чемпионаттарын бір жылдан аз уақыттың ішінде өткізу жоспарланған. Біздің спортшылардың сайыстарға қатысуы, олардың спорттық формада болуы маңызды. Сондықтан барлық тәуекелдерді ескере отырып, қажетті шараларды нормаларға сәйкес жүзеге асырып, ҚР Ведомствоаралық комиссия осы іс-шараларға қатысуға мүмкіндік берді. Біз өзіміз барлық нормалардың сақталуын қадағалаймыз", – деді Ақтоты Райымқұлова. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу