Жыл басынан бері бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандарға 851 жеңілдіктегі ипотекалық қарыз берілген.
Десе де, бас ауыртатын баспана мәселесі жарымжан балаларды тәрбиелеп отырған азаматтардан да айналып өтпей тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін мемлекет тарапынан біршама мемлекеттік қолдау шарасы қарастырылған. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтың айтуынша, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар 56 мың адам және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 25 мың отбасы тұрғын үй алуға кезекте тұр.
– Жеңілдетілген ипотекалық қарыздар бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға тұрғын үй сертификаттары беріледі, олардың ең жоғарғы мөлшері жергілікті бюджет есебінен іске асырылатын 1,5 миллион теңгені құрайды. 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 474,8 миллион теңгеден астам сомаға 423 сертификат және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жалпы сомасы шамамен 344,1 миллион теңгеге 305 сертификат берілді, –деді Қуандық Қажкенов.
Жалпы, 9 айдың қорытындысына сәйкес, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға төмендетілген мөлшерлемелер бойынша 851 жеңілдікті ипотекалық қарыз беріліп отыр.
2022 жылдан бастап Президент тапсырмасымен азаматтардың жекелеген санаттарына жеке сектордағы тұрғын үйді жалға алу құнының бір бөлігі субсидияланады. Демек, 9955 отбасы төлем алады. Яғни, 854 адам 1 және 2 топтағы мүгедектігі үшін, 703 отбасы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырғаны үшін жеңілдікке ие. Сондай-ақ, кезекте тұрған азаматтар жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды "Отбасы банкі" арқылы 2-5 пайызбен алуға мүмкіндік жасалған.