"Баспанамен тез арада қамтылуға тиіс 70 мың адам бар"

1667

Үкімет сағатында тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер мен тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндама жасады.

"Баспанамен тез арада қамтылуға тиіс 70 мың адам бар"

Келтірген ақпаратына сүйенсек, қазір елде 590 мыңдай адам үй кезегінде тұр. Оның ішінде 210 мыңы әлеуметтік аз қамтылғандар (көпбалалы отбасы, 1, 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар).

"Еңбек министрлігінің дерегіне сәйкес, олардың ішінде табысы ең төмен 70 мың адам тез арада баспанамен қамтылуға тиіс", – дейді Өскенбаев. 

Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін төлемдерді тағайындау қағидалары әзірленген. Оған Отбасы банкі оператор болып белгіленді. Банк кезекте тұрғандарды баспанаға мұқтаждық өлшемі бойынша ақпараттық жүйемен тексереді. 

"Атаулы көмек азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидатына негізделген. Яғни 50 пайызы мемлекет субсидиясы есебінен жабылады. Қалғанын жалға алушы өзі төлейді. Осы 70 мың адамға қолдау көрсету үшін 50 млрд теңге қажет. Кезекте тұрған адамдардың санына байланысты бұл қаражат көлемі жылда өзгеріп тұруы мүмкін", – дейді министр. 

Оның айтуынша, өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар мынау: 
- ҚР азаматтығы;
- Отбасының кейінгі алты айдағы жиынтық табысының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспауы;
- Тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте кезекте тұрғанын растауы;
- Тұрғын үй иесі мен өтініш беруші арасында жасалған шарт болуы.

"Отбасы банк құжаттарды тексереді. Растаған жағдайда, 10 күн ішінде жалдау төлемін аударады. Төлем беру тетігін іске асыру үшін нақты іс-қимыл жоспары жасалды. Оның ішінде жалдаудың шектік құны көрсетілген қағидалар әзірленді", – дейді министр.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу