Баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті есептелуі тиіс – депутат

335

Халық қалаулысы комиссия жұмысын бірізге келтіруді ұсынды.

Баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті есептелуі тиіс  – депутат Фото: видеодан алынған кадр

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев БҚО-дағы су тасқыны зардаптарын жою мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Батыс Қазақстан облысындағы тағы бір күрделі ахуал саяжай мәселесіне қатысты. Деркөл, Шаған және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 14 839 саяжай учаскесін су басқан. Оның 14 466-сы – Орал қаласында, 112-сі – Бәйтерек, 245-і – Бөрлі, 16-сы Теректі аудандарында орналасқан. Ол жақта мыңдаған адам тұрады. Саяжай дегенің қазақ үшін демалыс күндерін өткізетін емес, тұрақты тұратын орынға айналғалы қашан. Соның өтемақысына қатысты түсініспестік әлі тоқтамай тұр. Өйткені ағынды судың астында қалған саяжай иесіне қанша ақша беріледі немесе қашан, қай жерден басқа үй ұсынылады? Бұл деректер әзірге орталықтандырылмаған. Ақпарат жұртқа жедел жетуі шарт", - деді мәжілісмен депутаттық сауалында.

Сөзінше, қарғын су салдарынан қара шаңырақсыз қалған азаматтардың заңды талаптарын уақытылы орындау қажет.

Осы мәселеге байланысты Нартай Сәрсенғалиев бірқатар ұсыныс айтты.

"Су астында қалған баспана мен саяжайларды бағалауы тиіс комиссия жұмысын бірізге келтіру керек. Сол үшін әр аймақтағы комиссияның әр үй бойынша қорытындысы, негіздемесі, фото-видео дәлелдемелері нақты бір жерге жинақталуы тиіс. Баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті бағалағануы қажет. Әр үйдің, саяжайдың, техника мен төрт түліктің өтемақысы қашан төленетіні әр қорытындының ішіне жүктелсін. Ол ақпараттармен барлық азаматтың танысу мүмкіндігі болуы шарт. Су астында қалған мыңдаған саяжайдың ауласында лас қалдықтарға арналған шұңқырлар болды, демек ондағы қалдықтар суға бетіне шықты. Сондықтан ол аумақтарға дереу санитарлық-профиктикалық шаралар жүргізу қажет", - деп атап өтті ол.

Депутат Үкіметтің маңызды қаулыларын бүгінгі төтенше жағдайға сәйкес өзгертуді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу