Қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында артық суды жинау және Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарын сумен қамтамасыз ету мақсатында екі су қоймасын салу мәселесі шешілуде. Бұл туралы Атбасар ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Мәлік Мырзалин хабарлады, деп жазады strategy2050.kz.
Аймақ басшысы Атбасар ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен жандар үшін салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты. Атап өтер болсақ, баспанасыз қалған отбасылар үшін 45 пәтерлі 12 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Құрылыс барысымен танысқан М.Мырзалин мердігер компанияға құрылысты тездетуді, сапаға ерекше көңіл бөліп, Ақмола облысы өндірушілерінің құрылыс материалын пайдалануды тапсырды.
Бұдан басқа, әкім су астында қалып қойған №1 орта мектепте болды. Бүгінде мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, облыс әкімі зардап шеккен тұрғындармен кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, Атбасар ауданында су тасқынының салдарын жою үшін облыстық бюджеттен 513,1 млн теңге бөлінді.