Басшылар шешім қабылдайды, қылмыстық жауапкершілікке есепшілер тартылады – депутат

1180

Экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау бойынша заң жобасы әзірленді.

Басшылар шешім қабылдайды, қылмыстық жауапкершілікке есепшілер тартылады – депутат Фото: informburo.kz

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Абзал Құспанның айтуынша, экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау бойынша заң жобасы дайындалған. Қазіргі таңда құжат Үкіметтен тиісті қорытынды алу сатысында тұр. 

"Толығымен Қылмыстық Кодекстен алып тастағалы отырған баптардың ішінде 219-бап заңсыз несие алуға байланысты. Одан кейін екінші бір норма 241-бап бухгалтерлік есеп пен қаржы есептілігі туралы бап. Бәрімізге де жекелеген фирмаларда бухгалтер емес, мекеменің басшысы немесе құрылтайшысы шешім қабылдайтыны белгілі. Бірақ қылмыстық жауапкершілікке бухгалтерлер, есеп қызметкерлері тартылып келді. Осы кезге дейін бұл мәселе бірнеше мәрте көтерілген болатын. 234 және 236-баптар ішінара декриминализациялатын болады", - деді ол.

Депутат Мәжілісте Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру туралы заң жобасы қаралып жатқанын баса айтты.

"Осы заң жобасының аясында Қылмыстық кодекстегі 197-бапты Әкімшілік кодекске ауыстыру немесе мүлдем алып тастау туралы мәселе көтерілді. Былтыр Конституциялық сотта 197-баптың Конституцияға сәйкестігі туралы мәселе қаралған болатын. Конституциялық сот шешімінің анықтама бөлігінде осы баптың заң талаптарына сәйкес келмейтін тұстары атап өтілді. Үш негізгі себеп айтылды. Біріншісі – ол Қылмыстық кодекстің тиісті бөлімінде тұрған жоқ. Екіншіден, толық баптың атауы "мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау" туралы болса, соған сәйкес тиісті құжаттар қандай болуы керек екені бірде-бір салалық заңда бекітілмеген. Үшіншіден, басқа да Қылмыстық кодекстегі баптармен бәсекеге түсіп жатыр", - деді депутат Мәжілісте өткен дөңгелек үстел отырысында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу