"Бастау Бизнес" жобасын жалғастыру керек – Нұрсұлтан Назарбаев

1234

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Бастау Бизнес" онлайн-форумының қатысушыларына бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Бастау Бизнес" жобасын жалғастыру керек – Нұрсұлтан Назарбаев

"Баршаңызға мәлім, шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Сол үшін біз тиісті заңнаманы жетілдіріп, салық ауыртпалығын азайттық, әкімшілік рәсімдерді қысқартып, кредиттік ресурстарға қолжетімділікті арттырдық. Соның арқасында елімізде шағын және орта бизнес субъектілері жыл санап артып, экономиканың осы секторында еңбек ететін азаматтар көбейді. Қазіргі таңда шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін адамдардың саны 4 млн-ға, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35%-ға жеткізу үшін біраз шаруа атқарылып жатыр. Бұл міндет "Nur Otan" партиясының "Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір" атты бағдарламасында нақты көрініс тапты", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Елбасы 2016 жылы елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бастама көтергенін тілге тиек етіп, бұл бастама мақсатқа қол жеткізудің маңызды құралына айналғанын айтты. 

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Бастау Бизнес" жобасын қолға алды. Ол нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған "Еңбек" бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды", – деді бейнеүндеуде Тұңғыш Президент. 

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан көптеген сынақтар мен қиындықтарды еңсергенін, дағдарыстардан қатерді ғана емес, мүмкіндік көргенін айтты. 

"Елдің гүлденуі оның азаматтарының әл-ауқатына тікелей байланысты. Жобаның барлық қатысушыларына сәттілік тілеймін. Бүкіл ел бойынша "Бастау Бизнес" жобасын жалғастыру керек. Әркімнің жолы сәтті болсын. Біздің Қазақстан одан әрі гүлдене берсін!", – деп қорытты сөзін Елбасы.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу