27 шілде, бейсенбіде бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында алаяқ әйелге пара беріп қызметінен қуылған Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары А.А.Ермағамбетовтің Ақтөбе медициналық орталығына жұмысқа шыққандығы туралы ақпарат жарияланды, деп хабарлайды "Ақтөбе ақпарат" ақпараттық орталығы.
Алайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша Ермағамбетов А.А. жаңа жұмысында көп бөгелмеген.
"Ермағамбетов А.А. 2017 жылдың 24 шілде айынан бастап "Ақтөбе медицина орталығы" МКК кеңес беру-диагностика бөлімі директоры орынбасарының уақытша міндетін атқарушы болып жұмыс істеді. Оның міндетіне менеджемент сұрақтарын әзірлеу мен инвестициялық жағдайды жақсарту жұмыстары кіруі қажет болатын. Берілген арызға сәйкес Ермағамбетов А.А. атқарып отырған қызметінен босатылды",- деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.