"Басын тоңазытқышта сақтаған": Хромтауда ер адамның денесін бөлшектегендерге сот үкімі шықты

Бұл туралы Ақтөбе облысының Полиция департаменті ресми парақшасында мәлім етті.  

"Басын тоңазытқышта сақтаған": Хромтауда ер адамның денесін бөлшектегендерге сот үкімі шықты Фото: Бейнежазбадан

Полицияның ақпаратынша, ер адамның кесілген басы күдіктілердің бірінің тоңазытқышынан табылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Жантүршігерлік оқиға туралы әуелі 2024 жылдың 11 қазанында айтыла бастады. Сол күні жоғалған азаматтың жұбайы полицияға күйеуінің бір аптаға жуық уақыт бойы хабарсыз кеткенін айтып, арызданған. Осыдан соң жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстары бастау алған. 

– Тергеу барысында полицейлер жоғалған азаматтың туыстарынан, көршілерінен, әріптестері мен таныстарынан жауап алып, оның араласқан ортасын толық тексерді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары марқұмның екі танысымен сөйлесті. 

Олардың тұрғылықты жерін тінту кезінде қылмысқа қатысы бар заттай айғақтар, соның ішінде қаза тапқан ер адамның кесілген басы тоңазытқыштан табылған. Жиналған дәлелдердің негізінде күдіктілер өз кінәсін мойындаған, – делінген Ақтөбе облысының Полиция департаменті таратқан ақпаратта. 

Тергеу нұсқасына сай, қылмыс 3 ер адамның бірге ішімдік ішкенінен кейін басталған. Күдіктілер кісі өлтіргеннен кейін ізін жасыру үшін мәйітті бөлшектеп, дене бөліктерін пакеттерге салған. Сосын оны қала сыртындағы тоған маңына тастаған.

Тергеу барлық мән-жайды анықтап, жеткілікті дәлелдемелер жинағаннан соң іс сотқа жолданды. 

2025 жылдың ақпанында сот үкімі шығып, негізгі айыпталушы адам өлтіргені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Екінші сотталушы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға сотталып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу