Батпаққа батқан ауыл

376

Жаңбыр жауып, қар ерісе ауыл көшелерінен көлік те, адам да жүре алмай қалады.

Батпаққа батқан ауыл Фото: inbusiness.kz

Маңғыстау облысындағы Басқұдық ауылының тұрғындары ми балшыққа батып, қиналып жүр. Тақтайдай тас жолдың азабын тартқандар балалары үшін алаңдайды. Сабаққа таза күйінде жету үшін түрлі әдістерді ойлап табуға мәжбүр.  

Резенке етік пен полиэтилен пакет. Бұл жолмен мектепке жету үшін оқушыларға таптырмас зат. Жаңбыр жауып, қар ерігенде оны аяқтарына киіп жүруге мәжбүр. Басқұдықтың батпағы бала біткенді сатпақ қылды.  Ата-аналары мектеп формасын күнделікті тазалап отырмасқа шарасы жоқ.  Себебі жаяу жүргіншіге арналған жол мүлдем салынбаған. Ми балшықты көп жыл бойы айтса да, мәселе шешілмей тұр. 

"Жаңбыр, қар жауғанда балшық деген сұмдық болады. Үлкен кісілер, кішкентай балалар бар. 1,2-ші сынып оқитындар түнде қараңғыда осы жермен жүреді. Жарық бар, шүкір, бірақ жүру қиындау. Аяқтың сиқы батпақты кешіп жүрміз ғой",- дейді ауыл тұрғыны Түгелбай Көрпиев.   

Тағы бір тұрғын Айнагүл Ақжанованың айтуынша, балалар батпақтан аяқ алып жүре алмайды. Мектепке барғанда аяқ киімі,сөмкесі, шалбарлары балшық болып келеді. Тұрғындарға өте қиын. Асфальт салынады деген уәде босқа кетті.

Ауыл әкімдігі жол мәселесі қиын екенін жасырмады. Асфальт төсеуге ауа-райы кесірін тигізіп тұрғанын алға тартты олар.  

"Қараша айынан бастап келісім шартта "Жол құрылыс" деген мекеме жеңімпаз болып анықталды. Жол құрылыс мекемесі бүгінгі күні астынғы қабатын тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты жұмыстар уақытша тоқтады. Бүгінгі күні тапсырмасы беріліп, қиыршық тас төсеу жұмыстарын жалғастыратын болады. Жалпы 1,6 шақырымның аяқталу мерзімі келесі жылдың наурыз айына дейін жоспарланған. Біз уақытты күткізбей, жұмысты жыл аяғына дейін бітіруге ниеттіміз",- дейді Басқұдық ауылының әкімі Нұралы Жұмабаев. 

Жалпы ауылдағы 1,6 шақырымды жолды салуға 39 млн теңге бөлінген. Ал жаяу жүргіншілерге арналған жол көлікке арналған асфальт төселгеннен кейін қолға алынады деп сендірді әкім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу