Батумиде қазақ күресінен Еуропа чемпионаты басталды

877

Батумиде қазақ күресінен Еуропа чемпионаты басталды

Қазақ күресінен Еуропа чемпионатына Литва, Ресей, Украина, Словения, Франция, Ирландия, Польша, Армения, Болгария, Австрия, Албания, Түркия, Норвегия, Израиль, Грузия, Әзербайжан, Сербия, Кипр, Эстония, Белоруссия сынды 20 мемлекеттен келген 80 спортшы бақ сынап жатыр.

Олардың қатарында Польшаның бірнеше дүркін чемпионы Петр Томаш Талач, дзюдодан Еуропа чемпионы Гурам Тушишвили бар.

"Бұл турнир кәрі құрлық спортшыларының арасында өтіп жатқан соң қазақ балуандары қатыспайды. 26 тамызда Азия чемпионаты болады, сол жерде Азия елдері өзара мықтыларды анықтайды. Қазақ күресінен жақында ғана Еуропа федерациясы ашылды. Күресіміз Еуропада насихатталуы үшін барымызды салып, ұйымдастырып жатырмыз. Қазақстаннан алты төреші, шетелден он төреші келді. Жарыс басталардың алдында қазақ күресінде қалай төрелік ету керек екендігі туралы мастер-класс, спортшылар арасында ереже бойынша семинар өткіздік. Барлық спортшылардың дайындығы жақсы", – деді қазақ күресі халықаралық федерациясы бас директорының  кеңесшісі Ұлан Рысқұл.

Ал Еуропа күрес федерациясының президенті Карен Арутюнян қазақ күресінен Еуропа чемпионаты алғаш рет ұйымдастырылып жатқанын айтты.

"Еуропа елдерінен осы турнирді өткізу құқығын Грузия жеңіп алды. Себебі Грузия – балуандар елі. Тоғыз салмақ бойынша 1 орынға 1000, 2 орынға 700, 3 орынға 500, абсолютті салмақ дәрежесіне 3000, 1-2-ші орындарға 2000, 3-орынға 1000 доллар ақшалай сыйлық табысталады. Көбінесе дзюдошылар қатысып жатыр. Біз қазақ күресінің күрестің дзюдомен қатар тұрғанын қалаймыз", –  деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу