Батуттағы гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Сергей Вертянкин спортшылардың биылғы маусымдағы көрсеткіштерін қорытындылады, деп жазады Olympic.kz.
Биылғы маусымда батуттағы гимнастикадан Қазақстан спортшылары әлем кубогінің үш кезеңіне және Азия ойындары мен Азия, әлем чемпионаттарына қатысты.
Құрлықтың кешенді жарысына Пірмаммад Әлиев (Шымкент) пен Данил Мұсабаев (Қарағанды) дайындалды. Өкінішке қарай, тізесін жарақаттап алған Мұсабаев Джакартадан сырт қалған болатын.
"Азия ойындарында батуттан ерлер арасында бір медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жүлдеге Қытай, Жапония, Өзбекстан, Индонезия, Қазақстан және Солтүстік Кореядан 10 спортшы қатысты. Әлиев іріктеу кезеңінде 103.470 ұпаймен 5-ші орын иеленді. Ал финалда еркін бағдарламаны сәтті орындап, Қазақстандағы батут гимнастикасы тарихында тұңғыш рет Азия ойындарының қола медалін иеленді", – дейді бапкер.
27-28 сәуір күндері Италияның Брешиа қаласында өткен бірінші кезеңде Әлиев/Мұсабаев жұбы қола жүлдегер атанды. Пірмаммад Әлиев жекелей сында финалға өтіп, үздік бестікке енді. Әлем кубогінің екінші кезеңі спортшыларымыз үшін аса сәтті болған жоқ, ал Жапонияда өткен үшінші кезеңде Әлиев/Грачев жұбы 5-ші орын иеленді.
Ал жасөспірімдер мен ересектер арасындағы Азия чемпионатында Пірмаммад Әлиев Азия чемпионы атанса, Данияр Түсіпов қола медальға иелік етті. Санкт-Петербургте өткен әлем чемпионатында Әлиев 16-орын иеленді. Ал акробатикалық жолақта Александр Ромахов 12-сатыдан көрінді.
"Батуттағы гимнастикадан Қазақстан құрамасы биылғы маусымда сәтті өнер көрсетті деп айтуға толықтай негіз бар. Бүгінде спортшылардың нәтижесі жақсарып, жас өрендер өсіп келеді. Алдағы жылы Токио Олимпиадасына екі жолдама алу міндеті тұр. Сол себепті, лицензиялық турнирлер қарсаңында спортшылардың комбинацияларын қиындату көзделіп отыр", – дейді Сергей Вертянкин.